Сабақ

video
play-rounded-fill

Жобаның мақсаты

  • Оқушыларға табиғаттағы су айналымының негізгі кезеңдерін (булану, конденсация, жауын-шашын, жиналу) және Күн энергиясының рөлін түсіндіру.
  • Су сорғы мен электр тізбегін пайдаланып, су айналымының үздіксіз жұмыс істейтін моделін құрастыру.
  • Оқушылардың инженерлік-конструкторлық дағдыларын және су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін дамыту.

Мұғалімге арналған нұсқаулық

  • Жобаны орындау үшін оқушыларды әр топта 4–5 адамнан болатындай етіп бөліңіз.
  • Тәжірибені бастамас бұрын оқушылардың судың үш агрегаттық күйі және өлі табиғаттағы үдерістер туралы базалық білімі бар екеніне көз жеткізіңіз.
  • Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын әр топты барлық қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, бөлшектермен таныстырыңыз.
  • Электр сымдарымен, батарея бөлімімен, су сорғысымен және ыстық желіммен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы ережелері туралы қатаң нұсқаулық өткізіңіз (қолдың құрғақ болуын, батарея бөліміне су тимеуін және сорғыны сусыз іске қоспауды ескертіңіз).

STEAM сабақтарындағы қауіпсіздік ережелері .pdf

  • Сабақтың басында оқушыларға PBL (project based learning) айдарын және 4К дағдыларын (сыни тұрғыдан ойлау, коллаборация, креативтілік, презентация) түсіндіріңіз.

Теориялық бөлім

Табиғаттағы су айналымы қалай жүреді?

Су айналымы — Жердегі судың үздіксіз қозғалыс үдерісі. Ол төрт негізгі кезеңнен тұрады:

Булану: Күн сәулесінің жылуынан өзендер, көлдер мен мұхиттардағы су қызып, буға айналады да, жоғары көтеріледі.

Конденсация: Жоғарыдағы салқын ауа қабаттарына жеткен су буы салқындап, қайтадан ұсақ су тамшыларына айналады. Осы тамшылар бірігіп, бұлттарды түзеді.

Жауын-шашын: Бұлттағы тамшылар ауырлаған кезде, олар Жер бетіне жаңбыр немесе қар түрінде түседі.

Судың жиналуы: Түскен жауын-шашын қайтадан су қоймаларына жиналып, цикл жаңадан басталады.

Біздің модель қалай жұмыс істейді? 

Тіктөртбұрышты пластик ыдыс табиғи су қоймасының (көл немесе мұхит) рөлін атқарады. Светодиод орнатылған Күн жылу көзін бейнелейді. Мини-сорғы ыдыстағы суды силикон шланг арқылы жоғарыға — бұлтқа қарай айдайды (бұл булану мен будың көтерілуін көрсетеді). Жоғарыдағы тесілген түтікшеден су тамшылап жаңбыр болып қайтадан ыдысқа құйылады. Осылайша су айналымы үздіксіз қайталанады.

Тәжірибелік бөлім

Қадам 1. Картоннан жасалған ортасы ойық шеңберді алыңыз. Оның бетін көк түсті қағазбен қаптаңыз.

Қадам 2. Сары түсті қағаздан Күн пішінін қиып, оны арканың сол жағына (булану аймағына) жапсырыңыз. Күннің ортасынан шағын тесік жасаңыз. 

Қадам 3. Шеңбердің төменгі жағына пластик ыдысты желімдеңіз.

Қадам 4. Сымдардың изоляциясын алып тастаңыз. 

Қадам 5. Светодиодты Күннің ортасына орнатыңыз да, сымдарын картонның артқы жағына шығарыңыз. Светодиодтың ұзын сымына резистор ораңыз. 

Қадам 6. Сорғыға силикон шлангты кигізіп, желімдеңіз.

Қадам 7. Сорғы мен батарея бөлімінің оң зарядты сымын папа-мама сымның біреуіне жалғаңыз. Сорғы мен батарея бөлімінің теріс зарядты сымын папа-мама сымның біреуіне жалғаңыз. Жалғанған жерлерді ыстық желіммен бекітіңіз. 

Қадам 8. Оң зарядты сымды резисторға, теріс зарядты сымды светодиодтың қысқа ұшына бекітіңіз. 

Қадам 9. Түтікше ұзын жағына бірнеше ұсақ тесік (жаңбыр тамшылайтын орын) жасаңыз. Силикон шлангтың екінші ұшына түтікшені кіргізіп, желімдеңіз.

Қадам 10. Пластик ыдысқа сорғыны салыңыз. Түтікше мен шлангты арка бойына желімдеңіз. 

Қадам 11. Түтікшенің екінші ұшын ыстық желіммен бітеңіз.

Қадам 12. Пластик ыдысқа сорғы толық бататындай етіп су құйыңыз. Қуат көзін қосып, светодиодтың жанғанын, сорғының суды жоғары айдап, жаңбыр жауып, ыдысқа қайта жиналғанын бақылаңыз.

Қадам 13. Арканың бойына негізгі кезеңдердің атауларын жазып жапсырыңыз: Булану, Конденсация, Жауын-шашын, Судың жиналуы. Арканың ең жоғарғы бөлігіне «Су айналымы» деген тақтайша бекітуге болады.

Қорытынды

Бұл тәжірибе барысында біз қарапайым материалдар мен мини-сорғыны қолданып, табиғаттағы су айналымының нақты моделін жасап шықтық. Бұл жоба оқушыларға жаңбырдың қалай пайда болатынын, су тасқыны мен құрғақшылықтың себептерін түсінуге және ауыз суды үнемдеудің маңыздылығын ұғынуға көмектеседі.

Тәжірибе көрсеткендей, табиғаттағы су ешқайда жоғалып кетпейді — ол тек бір күйден екінші күйге ауысып, үздіксіз айналымда болады.

Бұл жобада әр оқушыға келесі санаттар бойынша STEAM атағы беріледі:

  • Сіз су сорғысы мен электр тізбегін біріктіріп, жұмыс істейтін жүйе құрастырдыңыз — Сіз Инженер-конструкторсыз!
  • Сіз табиғаттағы су айналымының барлық кезеңдерін тәжірибе жүзінде көрсетіп, түсіндірдіңіз — Сіз Табиғат зерттеушісісіз!

Бағалау

5-11 сыныптарға арналған PBL айдарлары.pdf